Айдос Сұлтанғали мен Исхар Курбаев әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Байрақты бәсекеге 135 елден 900-ден астам спортшы қатысып жатыр.
ашық дереккөзден
Астанада грек-рим күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының балуандары Айдос Сұлтанғали мен Исхар Курбаев қола медальға қол жеткізді.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айдос Сұлтанғали үшінші орын үшін өткен белдесуде Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, қытайлық Цао Лигуоны 5:1 есебімен жеңді. Осылайша, отандасымыз туған жерінде өткен әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді.
Бұл салмақта жапониялық Кото Гоми чемпион атанды. Ол финалда ирандық Али Ахмади Вафаға қарсы белдесуде жеңіске жетті. Күміс медаль Иран өкіліне бұйырса, тағы бір қоланы өзбекстандық Әлішер Ғаниев иеленді.
Айдос Сұлтанғали 2025 жылғы әлем чемпионы. Ол осы қола медальді қоса есептегенде әлем чемпионаттарындағы жүлделерінің санын төртке жеткізді.
Ал 55 келіге дейінгі салмақта Исхар Курбаев қола медаль үшін өткен белдесуде үндістандық Лалиттен 9:0 есебімен басым түсті. Бұл салмақта әзербайжандық Эльдениз Азизли финалда ирандық Паям Ахмадиді 3:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Күміс жүлде Иран балуанына бұйырса, екінші қола медальді грузиялық Вахтанг Лолуа жеңіп алды.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионаты 1 қарашаға дейін жалғасады.