Әлем чемпионаты: 27 қазанда Қазақстанның бес балуаны бозкілемге шығады

Бүгін әлем чемпионатында әйелдер күресінен жеребе тарту рәсімі өтті.

Әлем чемпионаты: 27 қазанда Қазақстанның бес балуаны бозкілемге шығады ашық дереккөзден

Астанада өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында 27 қазан күні Қазақстан құрамасының бес өкілі сынға түседі. Олардың қатарында грек-рим күресінен Бағдат Сабаз және әйелдер күресінен төрт балуан бар.

67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бағдат Сабаз жұбаныш белдесуіне қатысады. Қазақстандық балуан бұған дейін ширек финалда Иран өкілі, Олимпиада чемпионы Саид Эсмаилиге есе жіберген еді. Қарсыласының финалға шығуына байланысты отандасымызға қола медаль үшін күресу мүмкіндігі берілді.

Әйелдер күресінен 50 келіге дейінгі салмақта Зейнеп Баянова жарысты 1/8 финалдан бастайды. Оның қарсыласы Өзбекстан мен Эквадор балуандары арасындағы белдесудің нәтижесі бойынша анықталады.

57 келіге дейінгі салмақта Нилуфар Раимова да жарыс жолына 1/8 финалдан қосылады. Қазақстандық балуанның қарсыласы Ресей мен Испания өкілдері арасындағы кездесуден кейін белгілі болады.

65 келіге дейінгі салмақта Бейбіт Сейдуалы Гонконг өкілі Цуй Тин Сауға қарсы күреседі. Ал 76 келіге дейінгі салмақтағы Гүлмарал Еркебаева алғашқы белдесуін Франция мен Германия балуандары арасындағы кездесудің жеңімпазына қарсы өткізеді. Ол да жарысты 1/8 финалдан бастайды.

Әйелдер күресіндегі белдесулер Астана уақытымен сағат 10:30-да басталады. Жартылай финалдық кездесулер 16:30-ға, ал грек-рим күресінен медаль үшін белдесулер 18:00-ге жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, күрестен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында елордадағы «Барыс Аренада» өтіп жатыр.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу