Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Бүгін әлем чемпионатының бесінші жарыс күні алты спортшымыз сынға түсуде.

Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының жартылай финалына шықты ашық дереккөзден

Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі Жәмила Бақбергенова жартылай финалға жолдама алды. Әйелдер күресінен 72 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз ширек финалда Украина балуаны Надия Соколовскамен кездесіп, 9:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұған дейін қазақстандық спортшы алғашқы белдесуінде Молдова өкілі Эмилия Кречуннан басым түскен болатын. Әлем чемпионаттарының үш дүркін күміс жүлдегері Жәмила Бақбергенова енді финалға шығу үшін белдеседі.

Ал 62 келіге дейінгі салмақта Ирина Кузнецова 1/8 финалда Жапония өкілі Нонока Озакиге 0:10 есебімен есе жіберді. Қазақстандық балуанның жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігі қарсыласының финалға шығуына байланысты болады.

53 келіге дейінгі салмақта Айнұр Әшімова да жарысты жалғастыра алмады. Ол 1/8 финалда Польша өкілі Роксана Засинадан жеңіліп қалды. Отандасымыздың жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігі польшалық балуанның нәтижесіне байланысты шешіледі.

Ал 68 келіге дейінгі салмақта Ирина Казюлина әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Ол алғашқы кездесуінде Ангола балуаны Жозет Мавунгуды 8:4 есебімен ұтып, келесі айналымға өтті.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан әлем чемпионаты 1 қарашаға дейін жалғасады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу