Қазақстан құрамасы U19 әлем чемпионатында үздік бестікке енді
Биылғы U19 әлем чемпионатында Ресей құрамасы топ жарды.
ашық дереккөзден
Бокстан Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Черногорияның Будва қаласында өткен U19 әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. 16-27 қазан аралығында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өткен әлем біріншілігіне 68 елден 474 боксшы қатысты. Спортшылар 20 салмақ дәрежесінде (10 ерлер және 10 әйелдер салмағында) чемпиондық атақты сарапқа салды.
Қазақстан құрамасы жарыс қорытындысы бойынша бір алтын, үш күміс және төрт қола медаль жеңіп алды. Команда қоржынына түскен жалғыз алтын медальді +80 келі салмақ дәрежесінде Зарина Толыбай иеленді.
Күміс жүлдегерлер қатарында 70 келідегі Бибарыс Әшірбай, +90 келідегі Владислав Саможонов және 57 келідегі Алина Құдайгенова бар.
Ал 60 келіде сынға түскен Данияр Ақбисенов, 90 келідегі Еркетаң Жарқынбек, 51 келідегі Мадира Жұмақан және 60 келідегі Индира Қыдырмолдаева әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды.
Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы бес алтын және бес күміс медальмен бірінші орынға тұрақтады. Өзбекстан боксшылары төрт алтын, екі күміс және екі қола медальмен екінші орынға ие болды. Ал АҚШ құрамасы екі алтын, бір күміс және екі қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстан құрамасы сегіз медальмен төртінші орынға жайғасып, әлем чемпионатын үздік бестік қатарында аяқтады.