Жібек Құламбаева мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік 100 теннисшісі қатарына енді
Жаңартылған WTA рейтингінің live нұсқасында Жібек Құламбаева жұптық сында 95-орынға көтерілді.
ашық дереккөзден
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің жұптық сынының жартылай финалына жолдама алды. Бұл жетістік отандасымызға мансабында алғаш рет жұптық сындағы әлемдік рейтингтің үздік 100 теннисшісі қатарына енуге мүмкіндік берді.
Ширек финалда Жібек Құламбаева Нидерланды өкілі Изабель Хаверлагпен бірге турнирдің бірінші нөмірлі жұбы атанған Мария Козырева мен Ұлыбритания теннисшісі Майя Ламсденге қарсы ойнады.
Тартысты өткен кездесу 1 сағат 23 минутқа созылды. Қазақстандық-нидерландылық дуэт алғашқы сетте 3:6 есебімен жеңілгенімен, кейін ойын тізгінін қолға алып, екінші партияда 6:3 есебімен басым түсті. Ал шешуші чемпиондық тай-брейкте Құламбаева мен Хаверлаг 10:8 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, отандасымыз жұптық сында жартылай финалға шығып, мансабындағы маңызды белестердің біріне қол жеткізді. Жаңартылған WTA рейтингінің live нұсқасында Жібек Құламбаева 95-орынға көтерілді. Бұл қазақстандық теннисшінің жұптық сындағы жеке рекорды.
Енді Жібек Құламбаева мен Изабель Хаверлаг Гуанчжоудағы турнирдің финалына шығу үшін бақ сынайды.