Қазақстандық жасөспірім теннисшілер Венгриядағы халықаралық турнирге қатысады
Турнир Венгрияның ежелгі қалаларының бірі - Сомбатхейде өтеді.
ашық дереккөзден
29 қазан мен 1 қараша аралығында Сомбатхей қаласында үстел теннисінен «WTT Youth Contender Szombathely» халықаралық жасөспірімдер турнирі өтеді.
Байрақты бәсекеге әлемнің 35 елінен келген спортшылар қатысады. Жас теннисшілер 11, 13, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі санаттарда бақ сынайды.
Қазақстан құрамасы сапында халықаралық турнирде 15 спортшы өнер көрсетеді. Олардың қатарында Жәния Бекмұхамбетова, Дулат Ералхан, Игитали Сұлтанмұратов, Бақдәулет Саурбай, Кирилл Берников, Дагир Данияров, Арайлым Сапабек, Мансұр Сүйіндік, Николай Чернозубов, Арсен Асатулла, Медина Амандық, Жеңіс Жастлек, Әнел Ақатаева, Арлан Ахметов және Тамирис Рамазан бар.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, 29-30 қазанда U13 және U17 жас санаттарында жекелей сындағы кездесулер өтеді. 31 қазан мен 1 қарашада U11, U15 және U19 санаттарындағы спортшылар сынға түседі. Ал 30-31 қазанда U15 және U19 жас санаттары бойынша аралас жұптық сайыстар ұйымдастырылады.