Зейнеп Баянова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Әлем чемпионатының бесінші жарыс күні спортшыларымыз тек 1 медальға ғана қол жеткізді.

Зейнеп Баянова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды ашық дереккөзден

Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Әйелдер күресінен 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Зейнеп Баянова қола жүлдеге ие болды.

Үшінші орын үшін өткен белдесуде отандасымыз Беларусь өкілі Наталья Варакинаны 6:1 есебімен жеңді. Бұған дейін Зейнеп Өзбекстан және Моңғолия балуандарынан басым түскенімен, жартылай финалда Үндістан өкілі Ниламға есе жіберген еді.

Ал 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нилуфар Раимова қола медаль үшін өткен кездесуде АҚШ балуаны, Олимпиада чемпионы әрі әлемнің төрт дүркін чемпионы Хелен Марулиске 2:5 есебімен жол берді. Осылайша, отандасымыз әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады.

Ертең, 29 қазанда әлем чемпионатында Қазақстанның алты балуаны бозкілемге шығады. Әйелдер күресінен 72 келіде Жәмила Бақбергенова қола медаль үшін белдессе, 62 келіде Ирина Кузнецова жұбаныш кездесуіне қатысады. Сонымен қатар 55 келіде Лаура Алмағанбетова, 59 келіде Алтын Шағаева алғашқы белдесулерін өткізеді.

Еркін күрестен 65 келіде Өсімжан Дастанбек Украина өкілі Андрей Джелеппен, ал 97 келіде Ризабек Айтмұхан Ресей балуаны, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаевпен кездеседі.

Жарыс Астана уақытымен сағат 10:30-да басталады. Жартылай финалдық белдесулер 16:30-ға, ал әйелдер күресінен медаль үшін кездесулер 18:00-ге жоспарланған.

Айта кетейік, әлем біріншілігі 1 қарашаға дейін жалғасады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу