Қазақстандық семсерлесушілер жастар арасындағы Азия чемпионатында үш медаль жеңіп алды
28 қазан басталған сары құрлық бәсекесі 2 қарашаға дейін жалғасады.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасы Бахрейн астанасы Манамада өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында үш медальға қол жеткізді.
Ерлер арасында шпагамен семсерлесуден Кирилл Проходов алтын медаль иеленді. Қазақстандық спортшы финалда Гонконг өкілі Вонг Пак Юмен кездесіп, 15:12 есебімен жеңіске жетті. Топтық кезеңде Кирилл алты қарсыласының бесеуін жеңді.
Ал әйелдер арасында қылышпен семсерлесуден Қайша Жәнібек күміс жүлдегер атанды. Ол шешуші кезеңде Гонконг өкілі Джейн Саммер Ситке 8:15 есебімен есе жіберді.
Осы бағдарламада Диляра Исабекова қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде салды.
Айта кетейік, Азия чемпионатына 25 елден 350-ден астам спортшы қатысуда. Ал Қазақстан атынан 24 спортшы сынға түсуде.