Әлем чемпионаты: Ризабек Айтмұхан мен Жәмила Бақбергенова жүлдесіз қалды, Алтын Шағаева қола медаль үшін күреседі
Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының алтыншы жарыс күні қазақстандық балуандар үшін сәтсіз аяқталды.
ашық дереккөзден
Бүгін еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ризабек Айтмұхан алғашқы кездесуінде Ресей өкілі, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаевқа 1:4 есебімен есе жіберді. Отандасымыздың жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігі ресейлік балуанның финалға шығуына байланысты еді. Алайда Садулаев ширек финалда АҚШ өкілі, Олимпиада чемпионы Кайл Снайдерге жол берді. Осылайша, 2023 жылғы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан жүлдесіз қалды.
Әйелдер күресінен 72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жәмила Бақбергенова да жарысты медальсыз аяқтады. Ол қола жүлде үшін өткен белдесуде Жапония өкілі Махиро Еситакэге 4:6 есебімен есе жіберді. Бұған дейін отандасымыз Молдова балуаны Эмилия Кречунды 13:2, ширек финалда украиналық Надия Соколовсканы 9:1 есебімен жеңген болатын. Алайда жартылай финалда Қытай өкілі Зелу Лиге 2:4 есебімен жол берді. Осылайша, әлем чемпионаттарының үш дүркін күміс жүлдегері бұл жолы бесінші орынға тұрақтады.
Ал 59 келіге дейінгі салмақта белдескен Алтын Шағаева финалға шығу үшін Үндістан өкілі Манишамен кездесіп, 0:10 есебімен жеңіліп қалды. Бұған дейін қазақстандық балуан Түркия мен Польша өкілдерін жеңген еді. Енді ол ертең, 30 қазанда әлем чемпионатының қола медалі үшін күреседі.
Сондай-ақ еркін күрестен 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Өсімжан Дастанбек 1/8 финалда Армения балуаны Вазген Теванянға 1:2 есебімен есе жіберді. Алғашқы айналымда украиналық Андрей Джелепті 3:1 есебімен жеңген отандасымыз жұбаныш белдесуіне қатысады.
Бұдан бөлек, әйелдер күресінен 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Лаура Алмағанбетова 1/8 финалда Жапония өкілі Нагиса Харадаға 0:8 есебімен жол беріп, жарыс жолынан шықты.
30 қазанда әлем чемпионатының жетінші жарыс күні өтеді. Бұл күні еркін күрестен төрт қазақстандық балуан алғашқы белдесулерін өткізеді. 61 келіде Асыл Айтақын Қырғызстан өкілі Орозбек Асан уулымен, 70 келіде Санжар Досжанов Кения балуаны Э. Омулулемен, 86 келіде Болат Сақаев Испания өкілі Г. Иглесиас Раммен, ал 125 келіде Едіге Қасымбек Грузия балуаны А. Абрамишвилимен кездеседі.
Сонымен қатар Өсімжан Дастанбек жұбаныш белдесуінде Моңғолия өкілі Зенимедер Бамбасуренмен күреседі. Алтын Шағаева қола медаль үшін бозкілемге шығады.
Белдесулер Астана уақытымен сағат 10:30-да басталады.
Айта кетейік, күрестен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында елордадағы «Барыс Аренада» өтіп жатыр.