Кайл Снайдер Астанада әлемнің бес дүркін чемпионы атанды
Кайл Снайдер әлем чемпионатының финалында сенсациялық жеңіске жетті.
ашық дереккөзден
Астанада өтіп жатқан еркін күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатында 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жеңімпазы анықталды. Финалдық белдесуде америкалық Кайл Снайдер жапониялық Араш Йошидадан басым түсті.
Алтын медаль үшін өткен тартысты кездесу 4:4 есебімен аяқталды. Алайда соңғы ұпайды америкалық балуан еншілеп, әлем чемпионы атанды. Белдесудің соңғы минутына дейін 4:0 есебімен алда болған Йошида жеңісті уысынан шығарып алды. Ал Снайдер кездесудің шешуші сәтінде таразы басын өз пайдасына аударды.
Снайдер осы әлем чемпионатына дейін 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы және әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған еді. Ал Йошиданың еншісінде 2025 жылғы әлем чемпионатының қола медалі және Азия чемпионаттарының үш алтын жүлдесі бар (2023, 2025, 2026).
Айта кетейік, әлем чемпионаты 1 қарашаға дейін жалғасады.