Әлем чемпионаты: Азамат Дәулетбеков пен Нұрқожа Қайпанов жеңісті жолын жалғастырды
Бүгін алты қазақстандық балуан әлем чемпионатында ел намысын қорғауда.
ашық дереккөзден
Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасының алты өкілі бозкілемге шықты.
Еркін күрестен 92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Азамат Дәулетбеков алғашқы кездесуінде Грекия өкілі Дәурен Куруглиевті 2:2 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Айта кетейік, жеребе нәтижесінде отандасымыз жарысты бірден 1/8 финалдан бастаған болатын.
Ал 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мейрамбек Қартбай 1/16 финалда Мексика балуаны Роман Браво-Янгқа 2:5 есебімен есе жіберді. Дегенмен оның жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар. Ол үшін мексикалық балуан финалға шығуы қажет.
79 келіге дейінгі салмақтағы Шамсат Тайр алғашқы белдесуінде Алжир өкілі Абделькадер Иккалды 10:2 есебімен жеңгенімен, 1/8 финалда Беларусь балуаны Магомедхабиб Кадимагомедовке 2:11 есебімен жол берді. Енді оның жұбаныш белдесуіне қатысуы қарсыласының финалға шығуына байланысты.
74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатын сәтті бастады. Ол 1/16 финалда Косово өкілі Эгзон Хониді мерзімінен бұрын жеңді.
Өкінішке қарай, 86 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Болат Сақаев жұбаныш белдесуінде Моңғолия балуаны Батбилгуун Наадамбатқа 5:7 есебімен есе жіберіп, әлем чемпионатындағы жолын аяқтады. Бұған дейін ол Испания өкілі Габриэль Иглесиасты 4:0 есебімен жеңіп, 1/8 финалда АҚШ балуаны, төрт дүркін әлем чемпионы Кайл Дейкке 0:11 есебімен ұтылған еді. Америкалық балуан финалға шыққан соң Болат жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігіне ие болған болатын.
Осылайша, жарыстың бұл кезеңінде Азамат Дәулетбеков пен Нұрқожа Қайпанов жеңісті жолын жалғастырса, Мейрамбек Қартбай мен Шамсат Тайр жұбаныш белдесулеріне үмітті. Ал Болат Сақаев әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады. Сондай-ақ бүгін Асыл Айтақын қола медальға таласады.