Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалында Ресей балуанымен белдеседі
Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Нұрқожа Қайпанов бүгін финалға жолдама алды.
ашық дереккөзден
Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нұрқожа Қайпанов Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының жартылай финалында Жапония өкілі Йошиносукэ Аоягиді 3:1 есебімен жеңді. Ал финалға шығу үшін Ресей балуаны Иналбек Шериев Словакия өкілі Таймураз Салказановтан 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша, Нұрқожа Қайпанов алтын медаль үшін Иналбек Шериевпен кездеседі. Финалдық белдесу 1 қарашада Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.
Сондай-ақ бүгін 61 келі салмақта жарыс жолына шыққан Асыл Айтақын қола медаль үшін өткен белдесуде АҚШ өкілі Маркус Блейзге 4:2 есебімен жол берді.
Ал, 92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Азамат Дәулетбеков 1/4 финалда Грузия өкілі Мириани Маисурадзгеден 3:4 есебімен жеңіліс тапты.
Бұған дейін бүгін жарыс жолына шыққан спортшылардан Шамсат Тайр, Мейрмбек Қартбай, Болат Сақаев та әлем чемпионатын жүлдесіз аяқтады.
Айта кетейік, ертең 1 қараша әлем чемпионатының соңғы сайыс күні өтеді.