Кайл Дейк бес дүркін әлем чемпионы атанды: АҚШ балуандары Астанада тарихи жетістікке жетті
Әлем чемпионатының аяқталуына бір күн қалды.
ашық дереккөзден
Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында АҚШ құрамасының өкілі Кайл Дейк бесінші рет әлем чемпионы атанды.
Еркін күрестен 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында америкалық балуан Әзербайжан өкілі Арсений Джиоевпен кездесті. Тартысты белдесу 3:2 есебімен Дейктің пайдасына аяқталды. Осылайша, ол мансабындағы бесінші әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы әлем чемпионатында АҚШ-тың тағы бір балуаны Кайл Снайдер де бесінші мәрте әлем чемпионы атанған болатын. Ол 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда жапониялық Араш Йошиданы жеңді.
Осылайша, америкалық қос балуан бір әлем чемпионатында бес дүркін әлем чемпионы атанып, АҚШ құрамасының қоржынына екі алтын медаль салды.
Ал әлем чемпионатының соңғы күні, 1 қарашада Қазақстан құрамасының екі өкілі бозкілемге шығады. 74 келіде Нұрқожа Қайпанов алтын медаль үшін ресейлік Иналбек Шериевпен белдессе, 57 келіде Мейрамбек Қартбай жұбаныш белдесуінде Маврикий өкілі Джон Леопольдпен кездеседі.
Жұбаныш белдесулері Астана уақытымен 16:30-да басталады. Ал қола медаль үшін кездесулер мен финалдық белдесулер 18:00-де өтеді.