Қазақстан құрамасы семсерлесуден Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды
Спортшыларымыз Азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алды
ашық дереккөзден
Бахрейнде 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 11 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Ұлттық құрама қоржынына үш алтын, төрт күміс және төрт қола жүлде түсті.
Қазақстандық Кирилл Проходов жекелей сында шпагамен өнер көрсетіп, чемпион атанды. Сондай-ақ Михаил Кузьмин, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақовпен бірге командалық жарыста алтын медаль жеңіп алды.
Үшінші алтынды қылыштасудан командалық сайыста Диляра Исабекова, Полина Ко, Әдемі Серікбай және Қайша Жәнібек иеленді. Жеке жарыста Қайша күміс, Диляра қола жүлдеге қол жеткізді.
Шпагамен сынға түскен Мария Лесовский күміс, Полина Лесовский қола медаль жеңіп алды. Олар Каролина Фомина және Наталья Зиняковамен бірге командалық сайыста да күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ рапирамен өнер көрсеткен ерлер құрамасы да дәл осындай нәтижеге қол жеткізді.
Қалған екі қола медальді әйелдер арасындағы рапира және ерлер арасындағы қылыштасу командалары иеленді.