Ирина Юнусметова әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды
1-14 қараша аралығында Дохада нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионаты өтуде.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасының өкілі Ирина Юнусметова нысана көздеуден Дохада (Катар) өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Юнусметова әйелдер арасындағы 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі тапаншамен оқ ату бәсекесінде 537 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді. Алты серия бойынша ол 83, 95, 90, 88, 91 және 90 ұпай еншіледі.
Алтын медальді 546 ұпай жинаған түркиялық Шеввал Илайда Тархан иеленсе, күміс жүлде 542 ұпаймен өнер көрсеткен армениялық Эльмира Карапетянға бұйырды.
Әлем чемпионатында ерлер арасында 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен оқ атудан іріктеу кезеңі де аяқталды. Бұл сында Қазақстан намысын Ислам Сәтпаев, Константин Малиновский және Никита Шахторин қорғады.
Ислам Сатпаев 628,7 ұпаймен 33-орынға тұрақтаса, Константин Малиновский 624,9 ұпаймен 68-орын алды. Ал Никита Шахторин 622,9 ұпай жинап, 77-нәтиже көрсетті. Осылайша, қазақстандық мергендер финалға жолдама ала алмады.