Хоккейден Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына қатысады
Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін 5 қарашада Жапонияға қарсы өткізеді.
ашық дереккөзден
Хоккейден Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы 5-8 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын ойыншылар тізімін жариялады.
Ұлттық құрама сапына 23 хоккейші енді. Оның үшеуі қақпашы, сегізі қорғаушы, ал 12-сі шабуылшы. Команда намысын «Торпедо», «Номад», «Сарыарқа», «Алматы» және «Горняк» клубтарының өкілдері қорғайды. Құрамаға қақпашылар Антон Осокин, Сергей Кудрявцев пен Владислав Нурек, қорғаушылар Степан Александров, Данил Бутенко, Федор Хорошев, Артем Королев, Александр Макаров, Кирилл Никитин, Руслан Түсіпбеков және Эдуард Михайлов шақырылды. Ал шабуыл шебінде Артур Гатиятов, Дмитрий Гренц, Диас Гусейнов, Саян Данияр, Максим Мухаметов, Артур Гросс, Абай Маңғысбаев, Александр Мигунов, Никита Мерзликин, Александр Борисевич, Евгений Рымарев және Оскар Юлбарисов өнер көрсетеді.
Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Жайлауов бұл жолы жас хоккейшілерге көбірек мүмкіндік берілгенін айтты. Оның сөзінше, кейбір ойыншылар командаға соңғы сәтте қосылғанымен, дайындық жоспарға сай өтіп жатыр. Бас бапкер алғашқы қарсылас - Жапония құрамасының ойын мәнері бұрынғыдай болатынын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Жапониямен қатар Қытай және Оңтүстік Корея құрамаларымен кездеседі. Азия чемпионаты 2025 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал Қазақстан құрамасы - турнирдің екі дүркін чемпионы. Ұлттық құрама 2025 және 2026 жылдары алтын медаль жеңіп алған.