«Қайрат» бүгін Италияда «Аталантаға» қарсы алаңға шығады
Бергамода өтетін матч Астана уақытымен сағат 22:45-те басталады.
ашық дереккөзден
Бүгін, 5 қарашада, алматылық «Қайрат» УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші кездесуін өткізеді. Қазақстандық клуб сырт алаңда Италияның «Аталантасымен» күш сынасады.
«Қайрат» бұған дейін жалпы кезең аясында екі ойын өткізді. Алғашқы турда алматылықтар сырт алаңда латвиялық «Ригамен» 1:1 есебімен тең түссе, екінші турда өз алаңында грекиялық «Панатинаикосқа» 1:5 есебімен жол берді.
Алдағы кездесулерде Жора Арутюнян шәкірттері швециялық «Мьельбю» мен румыниялық «Университатя Крайованы» өз алаңында қабылдап, Нидерландыда «Твентемен» ойнайды.
Ал «Аталанта» жалпы кезеңнің алғашқы турында өз алаңында кипрлік «Пафосты» 3:1 есебімен жеңсе, екінші турда Амстердамда «Аякстан» 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, «Қайрат» командасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Жора Арутюнян Конференциялар лигасының үшінші турында италиялық «Аталантаға» қарсы өтетін матчта тарихи жеңіске жетуді көздеп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, команда ойынға толық дайын және футболшылардың көңіл күйі жақсы. Сонымен қатар маман «Аталантаны» Чемпиондар лигасы деңгейіндегі клубтардың қатарына қосып, италиялық ұжымның «Интерден» еш кем түспейтінін атап өтті.