Қазақстандық семсерлесушілер Берндегі әлемдік додаға қатысады
Құрамамыз бұл жарысқа әлемдік рейтингтің көшбасшылары ретінде жарыс жолына шығады.
ашық дереккөзден
12-14 қараша аралығында Швейцарияның Берн қаласында семсерлесуден ерлер арасында Әлем кубогының кезеңі өтеді. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы жекелей және командалық бәсекелерде өнер көрсетеді.
Жекелей сында ел намысын Эльмир Алимжанов, Александр Федотов, Ансар Касен, Руслан Құрбанов, Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Георгий Тинников қорғайды.
Ал командалық жарыста Қазақстан атынан Эльмир Алимжанов, Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов сынға түседі.
Айта кетейік, қазан айында Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде топ жарған болатын. Осы жеңістен кейін ұлттық құрама әлемдік рейтингте көш бастады.