Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтады
Криштиану Роналду ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчын Қазақстанға қарсы өткізген болатын.
ашық дереккөзден
Португалия футболының аңызы Криштиану Роналду ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады. 41 жастағы шабуылшы 23 жыл бойы ел намысын қорғап, футбол тарихында өшпес із қалдырды.
Роналду бұл шешімін бүгін, 5 қарашада әлеуметтік желідегі жазбасында жариялады. Ол Португалия құрамасының №7 жейдесін енді басқа ойыншыға табыстайтын уақыт келгенін атап өтті.
«Қымбатты португалиялықтар! Ұлттық құрамамыздың №7 жейдесін шегеге ілетін уақыт келді. Мен оны ешқашан тек өзіме тиесілі деп санаған емеспін. Алайда 23 жыл бойы осы жейдені киіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарда еліміздің намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Енді оны келесі буынға табыстайтын сәт жетті», - деп жазды футболшы.
Португалия футбол федерациясы да аңыз ойыншымен лайықты түрде қоштасуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Қоштасу рәсімінің нақты форматы әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Роналду ұлттық құрама сапында 2016 жылы Еуропа чемпионы атанып, 2019 және 2025 жылдары УЕФА Ұлттар лигасын жеңіп алды. Ол Португалия құрамасының тарихындағы ең үздік сұрмерген әрі ең көп матч өткізген футболшы саналады.
Криштиану Роналдудың ұлттық құрамадағы алғашқы ойыны 2003 жылғы 20 тамызда Қазақстанға қарсы өткен. Сол кездесуде 18 жастағы шабуылшы екінші таймда Луиш Фигудың орнына алаңға шыққан еді. Кейін 2006 және 2007 жылдары Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Португалия Қазақстанмен тағы екі мәрте кездескен. Осылайша, әлемдік футбол жұлдызының ұлттық құрамадағы ұзақ әрі жарқын жолының алғашқы беттерінің бірі Қазақстанға қарсы матчта жазылды.
Дегенмен Роналду кәсіби мансабын аяқтамайды. Ол Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубында өнер көрсетуін жалғастырады.