Жібек Құламбаева Үндістандағы WTA 250 турнирінің ширек финалына шыға алмады

Жібек Құламбаева мансабында алғаш рет WTA 250 санатындағы турнирдің жекелей сынында екінші айналымға дейін жетті.

Жібек Құламбаева Үндістандағы WTA 250 турнирінің ширек финалына шыға алмады ашық дереккөзден

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің жекелей сынында жарысты аяқтады. Әлемдік рейтингте 473-орында тұрған отандасымыз іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, негізгі кезеңге жолдама алған еді. Екінші айналымда ол рейтингтің 160-сатысында тұрған жапониялық Маи Хонтомамен кездесті.

Үш сағат 16 минутқа созылған тартысты матчта Жібек қарсыласына 6:4, 4:6, 5:7 есебімен есе жіберді. Осылайша, қазақстандық теннисші ширек финалға бір қадам қалғанда жарыстан шығып қалды. Соған қарамастан, бұл нәтиже Құламбаева үшін тарихи жетістік болды. Ол мансабында алғаш рет WTA 250 санатындағы турнирдің жекелей сынында екінші айналымға дейін жетті.

Айта кетейік, Жібек Құламбаева Үндістандағы жарыста жұптық сында өнер көрсетуін жалғастырады. Ол аустралиялық Габриэлла Да Силва Фикпен бірге жартылай финал жолдамасына таласады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу