Рамазан Айнегов Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды
Жасөспірімдер Олимпиадасында ел қоржынында әзірге екі медаль бар.
Қазақстан триатлон федерациясы
Қазақстан құрамасының өкілі Рамазан Айнегов Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында триатлоннан қола медаль жеңіп алды. Youth Men санатындағы триатлон жарысына 32 спортшы қатысты. Рамазан жарыс жолын 53 минут 27 секундта бағындырып, жапониялық Дайки Нисидзакимен бірге үшінші орынға тұрақтады. Екеуі де мәреге бір уақытта жетіп, жеңімпаздан 14 секундқа қалып қойды.
Олимпиада чемпионы атағын 53 минут 13 секунд нәтижесімен португалиялық Артур Гашпар иеленді. Ал күміс жүлде 53 минут 23 секунд көрсеткішіне қол жеткізген люксембургтік Эмиль Ванолстқа бұйырды.
Рамазан Айнеговтың қола жүлдесі жазғы жасөспірімдер Олимпиадасындағы жекелей триатлоннан елімізге бұйырған алғашқы медаль болды. Қазақстандық спортшылар бұған дейінгі үш жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында жекелей триатлоннан жүлдеге қол жеткізе алмаған еді.
Сондай-ақ 5 қарашада жүзуден Қазақстан құрамасының өкілдері өнер көрсетті. Анатолий Руденко 50 метрге брасс әдісімен жүзуде іріктеу кезеңін 29,07 секунд нәтижесімен алтыншы орында аяқтап, финалға жолдама алды. Шешуші сында ол қашықтықты 28,85 секундта жүзіп өтіп, жетінші орынға ие болды.
Ал Дарья Чеснокова 50 метрге шалқалай жүзуде 30,13 секунд нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 12-орын алды. Бұл көрсеткіш финалға шығуға жеткіліксіз болды.
Осылайша, Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржынында екі медаль бар. Бұған дейін дзюдошы Фатима Супығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салған еді.
Айта кетейік, Қазақстан атынан жасөспірімдер Олимпиадасында 11 спорт түрінен 18 спортшы бақ сынауда. 31 қазан басталған дүбірлі дода 13 қарашаға дейін жалғасады.