Қазақстандық мерген әлем чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп алды
Дохадағы нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионаты 14 қарашаға дейін жалғасады.
ашық дереккөзден
Әсем Орынбай Катар астанасы Дохада өтіп жатқан стенд атудан әлем чемпионатында үздік бестікке еніп, ел қоржынына алғашқы Олимпиада жолдамасын салды.
Скит бағдарламасы бойынша сынға түскен отандасымыз шешуші кезеңде 24 нысананың 20-сын дәл көздеп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Әлем чемпионатының алтын медалін 34 нысананы дәл көздеген Қытай өкілі Цзян Итинг жеңіп алды. Тағы бір қытайлық мерген Чэ Юйфей 32 ұпаймен күміс жүлдегер атанса, Словакия спортшысы Моника Штибраева қола медальға ие болды.
Айта кетейік, Әсем Орынбай 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алса, 2022 жылы Осиек қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында командалық микст сайысында қола жүлдеге қол жеткізген.