Бокстан Қазақстан чемпионатында Алматы қаласы жалпыкомандалық есепте үздік атанды

Биыл бокстан ел чемпионаты сенсацияға толы болды.

Бокстан Қазақстан чемпионатында Алматы қаласы жалпыкомандалық есепте үздік атанды ашық дереккөзден

Тараз қаласында 30 қазан мен 6 қараша аралығында бокстан Қазақстан чемпионаты өтті. Бір аптаға созылған дүбірлі додада ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша ел чемпиондары анықталды.

Жарыс қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Қала боксшылары 6 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Екінші орынға 3 алтын, 3 күміс және 6 қола жүлдемен Қарағанды облысының командасы жайғасты. Ал 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль иеленген Шымкент қаласы үздік үштікті түйіндеді.

Түркістан облысының спортшылары 2 алтын, 4 күміс және 2 қола медальмен төртінші орын алса, Жамбыл облысының құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 7 қола жүлдемен бесінші сатыға орналасты.

Ерлер арасындағы бәсекеде 50 келіде Нұрзат Оңғаров (Жамбыл облысы), 55 келіде Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда облысы), 60 келіде Әділбек Қожахан (Жетісу облысы), 65 келіде Абзал Серік (Шымкент қаласы), 70 келіде Фарух Тоқтасынов (Алматы қаласы), 75 келіде Нұрбек Мұрсал (Алматы қаласы), 80 келіде Санжар-Али Бегалиев (Шымкент қаласы), 85 келіде Темірлан Мұқатаев (Астана қаласы), 90 келіде Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы), ал аса ауыр салмақта Данияр Рахымбердинов (Алматы қаласы) чемпион атанды.

Әйелдер арасында 48 келіде Гүлназ Бөрібаева (Қарағанды облысы), 51 келіде Анита Адишева (Қарағанды облысы), 54 келіде Элина Базарова (Шымкент қаласы), 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек (Түркістан облысы), 60 келіде Виктория Графеева (Алматы қаласы), 65 келіде Аида Әбікеева (Қарағанды облысы), 70 келіде Бақыт Сейдіш (Алматы қаласы), 75 келіде Шұғыла Нәлібай (Түркістан облысы), 80 келіде Надежда Рябец (Қостанай облысы), ал +80 келіде Елдана Талипова (Алматы қаласы) алтын медаль жеңіп алды.

Осылайша, Тараз төрінде өткен ел біріншілігінде Алматы қаласының боксшылары нәтижелі өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте чемпиондық атақты иеленді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу