«Ордабасы» мен «Қайсар» Қазақстан Кубогын сарапқа салады

Матч бүгін сағат 15:50-де басталады.

«Ордабасы» мен «Қайсар» Қазақстан Кубогын сарапқа салады ашық дереккөзден

Бүгін, 7 қарашада, Қазақстан футболындағы 2026 жылғы маусымның соңғы нүктесі қойылады. Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында Қазақстан Кубогының финалы өтіп, онда Шымкенттің «Ордабасы» клубы мен Қызылорданың «Қайсары» бас жүлдені сарапқа салады.

Биылғы финалдың басты ерекшелігі - турнирдің шешуші кезеңіне маусымды бір-біріне мүлде ұқсамайтын жағдайда аяқтаған екі команда жетіп отыр. Бірі ел чемпионы атанып, тарихи жетістігін тағы бір жүлдемен толықтыруға ниетті болса, екіншісі үшін Кубок жеңісі сәтсіз өткен маусымның орнын толтырудың бірден-бір мүмкіндігі.

«Ордабасы» биыл Қазақстан Премьер-лигасында екінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. Шымкенттік клуб бұл мәртебені «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы кездесу 2:2 есебімен аяқталғаннан кейін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.

Ал қызылордалық клуб үшін биылғы маусым көңіл көншітерлік болған жоқ. «Қайсар» Премьер-лигадағы чемпионатты 16-орында аяқтап, келесі маусымда Бірінші лигада өнер көрсететін болды. 

Осылайша, Түркістандағы финалда екі команда екі түрлі мақсатпен алаңға шығады. «Ордабасы» чемпиондық атағына Кубокты қосып, алтын дубль жасауды көздесе, «Қайсар» маусымның сәтсіз аяқталғанын ұмыттыратын жеңіске қол жеткізгісі келеді. Енді қос клубтың қайсысы маусымды көтеріңкі көңіл күймен аяқтайтыны алаңдағы ойын нәтижесінен кейін белгілі болады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу