«Ордабасы» алтын дубль жасады
Шымкенттік клуб Қазақстан кубогын жеңіп алды.
ашық дереккөзден
Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан кубогының финалында Қызылорданың «Қайсар» командасын ірі есеппен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткен шешуші кездесу 4:1 есебімен аяқталды.
Матчтағы есепті 7-минутта Сұлтанбек Астанов ашты. Ал 41-минутта норвегиялық Бьорн Йонсен «Ордабасының» басымдығын еселей түсті. Екінші таймда шымкенттік команда шабуылын үдетіп, 60-минутта ганалық Давид Абагна үшінші голды соқты. Араға 11 минут салып, Эльхан Астанов есепті 4:0-ге жеткізді.
Кездесудің 84-минутында «Қайсар» сапынан португалиялық Агостиньо Азеведо бір гол салды. Алайда бұл қызылордалық команданы жеңілістен құтқара алмады. Осылайша, «Ордабасы» биылғы маусымда алтын дубль жасап, Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атағына Қазақстан кубогын да қосты.
Ал Талғат Байсуфинов шәкірттері үшін маусым сәтсіз аяқталды. Қызылордалық клуб чемпионат кестесінде соңғы орын алып, келесі маусымда Бірінші лигада өнер көрсетеді.