Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында Қытайды ірі есеппен жеңді

Бүгінгі ойында Саян Данияр дубль авторы атанды.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында Қытайды ірі есеппен жеңді ашық дереккөзден

Хоккейден Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы екінші матчында Қытай командасын 5:0 есебімен ұтты.
Кездесу барысында хоккейшілеріміз басымдық танытқанымен, алғашқы кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде Саян Данияр дубль авторы атанды. Ал үшінші кезеңде Артур Гатиятов, Оскар Юлбарисов және Кирилл Никитин бір-бір шайбадан соғып, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Осылайша, Талғат Жайлауов шәкірттері турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді.

Матчтан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Жайлауов ойынға баға берді. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде қарсылас қақпасының алдында шабуылдар аз болды. Кейін ойыншылар бапкерлер тапсырмасын орындап, нәтижелі шабуылдар ұйымдастыра алды. 

Енді Қазақстан құрамасы турнирдегі соңғы кездесуін ертең Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді. Бапкердің сөзінше, команда екі жеңіске қарамастан, үшінші матчқа да тек жеңіс үшін шығады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы хоккейден Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы. Ұлттық құрама 2025 және 2026 жылдары алтын медаль жеңіп алған. Биыл да құрамамыз сол нәтижеге қол жеткізуге барын салуда. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу