Михаил Шайдоров Гран-при кезеңінде үздік бестікке енді
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Гран-придегі өнерін аяқтады.
ашық дереккөзден
Михаил Шайдоров Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының үшінші кезеңінде бесінші орынға ие болды. Бүгін, 8 қарашада жарыстың соңғы күні еркін бағдарлама бойынша сайыстар өтті.
Михаил Шайдоров еркін бағдарламада 168,62 ұпай жинап, 12 спортшының арасында алтыншы нәтиже көрсетті. Ал қысқа бағдарламада 94,87 ұпаймен бесінші орын алған болатын. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 263,49 ұпай жинап, жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады. Ол жүлделі орыннан 18,13 ұпайға қалып қойды.
Еркін бағдарламада Михаил төрт айналымдық тулуп пен лутц секірулерін орындау кезінде қателік жіберді. Ал төрт айналымдық флипті сәтті орындағанымен, секіруді толық бақылауда ұстай алмады. Бағдарламаның екінші бөлігінде қазақстандық спортшы төрт айналымдық тулуп пен сальховтан тұратын каскад орындауға тырысты. Алайда екінші секіру кезінде тепе-теңдігін жоғалтып, қолымен мұзға тірелуге мәжбүр болды.
Жарыс қорытындысы бойынша жапониялық Као Миура 293,25 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлде 282,44 ұпай жинаған бейтарап мәртебедегі ресейлік Владислав Дикиджиге бұйырды. Ал Евгений Семененко 281,62 ұпаймен қола медаль иеленді. Жапониялық Шун Сато 277,20 ұпаймен төртінші нәтиже көрсетті.