«Барыс» «Амурдан» жеңіліс тапты
Астаналық клуб сырт алаңдағы матчтар сериясын аяқтады.
ашық дереккөзден
Бүгін, 8 қараша «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында Хабаровскінің «Амур» командасымен кездесіп, 0:2 есебімен жеңіліс тапты. Бұл матч қазақстандық клуб үшін сырт алаңдағы тоғыз ойындық серияның соңғы кездесуі болды.
Ойын алдында «Барыс» бапкерлер штабы команда құрамына екі өзгеріс енгізді. Жетінші қорғаушы ретінде Бейбарыс Оразов тіркелсе, қақпаны алғашқы минуттан бастап Хантер Шепард қорғады.
Кездесудің алғашқы кезеңі голсыз аяқталды. Бұл уақытта «Барыс» қарсыласына қақпаға дәл соққы жасауға екі-ақ мүмкіндік берді.
Екінші кезеңде айдын иелері есеп ашты. 37-минутта «Амур» ойыншысы Олег Ли сан басымдығын пайдаланып, гол салды.
Соңғы кезеңде «Барыс» есепті теңестіруге тырысты. Астаналық хоккейшілер қарсылас қақпасына 18 соққы бағыттаса, «Амур» небәрі төрт соққы жасады. Алайда Александр Трушков қорғаған қақпаны бұзып өте алмады. Матчтың аяқталуына тоғыз секунд қалғанда Кирилл Ураков бос қақпаға шайба салып, кездесудің нүктесін қойды 0:2.
Енді Михаил Кравец шәкірттері 12 қарашада Астанада «Адмирал» командасын қабылдайды.