Үстел теннисінен Еуразиялық лиганың III туры аяқталды
Еуразиялық лиганың финалдық кезеңі желтоқсан айында өтеді.
Қазақстан үстел теннисі федерациясы
Астана, Алматы, Павлодар және Өскемен қалаларында үстел теннисінен Еуразиялық лиганың III туры өтті. Жарыс қорытындысы бойынша желтоқсан айында өтетін финалдық кезең қарсаңында бірнеше команда көш бастап тұр.
Ерлер арасындағы Суперлигада 12 команда бақ сынады. Бұл сында «Қарағанды-1» командасы бірінші орынға жайғасса, астаналық «Nomad Pro» екінші сатыға көтерілді. Үздік үштікті Свердлов облысының «УГМК» командасы түйіндеді.
Алматыда өткен ерлер арасындағы екінші лигада бірінші топта «Nomad TT Academy Eagles» (Астана) көш бастады. Екінші орынды Бакудің «Qarabag NN» командасы иеленсе, үшінші сатыға қостанайлық «Allur» жайғасты. Екінші топта Ташкент облысының «Хван Ман Гым-2» командасы көш бастап, Шымкенттің «Сұңқар» ШВСМ командасы екінші, Өскеменнің «ШҚО-1» ұжымы үшінші орын алды.
Үшінші лиганың бірінші тобында «Ақтөбе» командасы көш бастаса, Қостанайдың «Deaf» ұжымы екінші, «Шымкент-2» үшінші орынға тұрақтады. Екінші топта оралдық «Jayiq» бірінші, павлодарлық «Jenimpaz» екінші, Екібастұздың СШИКОР-2 командасы үшінші орынға жайғасты.
Астанада өткен ерлер арасындағы төртінші лигада «Хван Ман Гым-3», «ШҚО-2» және «Turan» командаларының ұпай саны тең болды.
Әйелдер арасындағы Суперлигада Свердлов облысының «УГМК» командасы бірінші орынға ие болды. Павлодар облысының «Jenimpaz» ұжымы екінші орын алса, «Қарағанды-1» үздік үштікті түйіндеді.
Әйелдер арасындағы екінші лигада Самарқандтың «Оазис» командасы көш бастады. Екінші орынға павлодарлық «Jenimpaz Teenagers» жайғасса, Бакудің «Qarabağ NN» командасы үшінші сатыға көтерілді.
Осылайша, Еуразиялық лиганың III туры аяқталып, командалар желтоқсан айында өтетін финалдық кезеңге дайындықты жалғастырады.