Қазақстан хоккей құрамасы Азияның үш дүркін чемпионы атанды

Бүгінгі матчта құрамамыз буллиттер серясында жеңіске жетті.

Қазақстан хоккей құрамасы Азияның үш дүркін чемпионы атанды ашық дереккөзден

Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Талғат Жайлауов жаттықтыратын ұлттық құрама турнирді жеңіліссіз аяқтап, қатарынан үшінші рет құрлық чемпионы атанды.

Шешуші кездесуде қазақстандық хоккейшілер жарыс қожайындары - Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Негізгі уақыт пен овертаймда командалар бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Ал буллиттер сериясында Қазақстан құрамасы басым түсті.

Қазақстан сапынан Артур Гросс пен Диас Гусейнов мергендік танытса, Евгений Рымарев екі буллитін де сәтті орындады. Ал қақпашы Владислав Нурек матч бойы қақпасына бірде-бір шайба өткізбей, команданың жеңісіне зор үлес қосты.

Бұған дейін ұлттық құрама алғашқы кездесуінде Жапонияны 3:2 есебімен жеңген болатын. Бұл ойында Максим Мұхаметов, Александр Мигунов және Кирилл Никитин гол соқты.

Ал екінші матчта Қазақстан құрамасы Қытай хоккейшілерін 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Саян Данияр дубль авторы атанса, Артур Ғатиятов, Оскар Юлбарисов және Максим Мұхаметов бір-бір шайбадан соқты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы үш кездесуде сегіз ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орынға тұрақтады. Жапония алты ұпаймен екінші орын алса, Оңтүстік Корея төрт ұпаймен үшінші сатыға жайғасты. Қытай құрамасы жарысты ұпайсыз аяқтады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) ұйымдастыруымен өткен Азия чемпионатын үшінші рет жеңіп алды. Бұған дейін отандастарымыз 2024 жылы Алматыда, 2025 жылы Бейжіңде өткен жарыстарда да чемпион атанған еді. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу