Ясмина Тоқсанбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Мемлекеттік наградаларға барлығы 13 спортшы ие болды.
ашық дереккөзден
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрама спортшыларын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Марапат XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін табысталды.
Мемлекеттік наградаларға барлығы 13 спортшы ие болды. Атап айтқанда, каратэ шебері Софья Берульцева «Парасат» орденімен марапатталды.
Ал «Құрмет» ордені шосседегі велоспорттан екі дүркін Азия ойындарының чемпионы Алексей Луценкоға, семсерлесушілер Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимовқа, академиялық есу шеберлері Иван Чернухин мен Владислав Яковлевке табысталды.
Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен Жоламан Биғабыл, Еркінғали Бүркіталин, Рината Сұлтанова, Ясмина Тоқсанбаева, Тамирлан Тілеулес және Қадырбек Шынбаев марапатталды.
Айта кетейік, Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өткен Азия ойындарында марафондық спорттық жүрістен 42,195 шақырымдық қашықтықты бірінші болып аяқтаған еді. Алайда оның аяқкиімінің табаны World Athletics техникалық талаптарына сәйкес келмегендіктен, төрешілер алқасы спортшының нәтижесін жойып, алтын медалінен айырған болатын. Соған қарамастан, отандасымыз мемлекеттік наградаға ие болды.