Қазақстандық жас теннисшілер Junior Davis Cup турнирін 11-орынмен аяқтады
Жас теннисшілеріміз соңғы кездесуінде Морокко құрамасын жеңді.
ашық дереккөзден
Қазақстанның 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Мысыр астанасы Каирде өткен Junior Davis Cup Finals 2026 турниріндегі өнерін аяқтады. Әлемнің үздік 16 құрамасы қатысқан жарыста отандастарымыз 11-орынға тұрақтады.
31 қазан мен 6 қараша аралығында өткен командалық біріншілікте Қазақстан намысын Родион Трайгель, Ансар Ниеткалиев және Ахмади Маханов қорғады. Команда капитаны Сергей Квак болды.
Қазақстандық теннисшілер топтық кезеңде Франция, АҚШ және Үндістан құрамаларымен D тобында өнер көрсетті. Алайда үш кездесудің барлығында да 0:3 есебімен жеңіліс тапты.
Плей-офф кезеңінде отандастарымыз үш матчтың екеуінде жеңіске жетті. Алдымен Аустралия құрамасын 2:1 есебімен ұтты. Одан кейін Венгрия теннисшілеріне 1:2 есебімен жол берді.
Турнирдегі соңғы кездесуінде Қазақстан құрамасы Марокко командасымен кездесіп, 2:1 есебімен басым түсті. Осы нәтижемен жас теннисшілер әлемдік біріншілікті 11-орынмен аяқтады.