«Ертіс» футбол клубы басқарудың коммерциялық моделіне көшті
Бұл өзгеріс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы бойынша жүзеге асып отыр.
«Ертіс» ФК
Павлодардың «Ертіс» футбол клубы енді коммерциялық модель бойынша жұмыс істейді. Клуб жаңа жеке инвесторлармен келісімге келді. Олардың қатарында «Павлодар өзен порты» АҚ (50%), «RR-CAPITAL» ЖШС (25%) және «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС (25%) бар.
«Ертістің» соңғы жылдары оңай кезеңді бастан өткермегені белгілі. 2020 жылдың мамырында қаржылық қиындықтарға байланысты клуб Қазақстан чемпионатынан шығып қалды. Ал 2022 жылы банкрот деп танылды. Команданы қайта жандандыру жұмыстары 2023 жылы басталып, 2024 жылы «Ертіс» кәсіби футболға оралды.
Одан кейін павлодарлық команда екі маусым ішінде Екінші лигадан Премьер-лигаға дейін көтерілді.
2026 жылы клубқа қолдау көрсету үшін 250 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта «Ертіске» жыл сайын кемінде 1,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Жаңа модель «Ертістің» қаржылық тұрақтылығын арттырып, ұзақ мерзімді дамуына жол ашуы тиіс.