Әнел Тәшбай алтын алды, Бибарыс Әшірбай жартылай финалға шықты
Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге үш медаль бар.
ашық дереккөзден
Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты. Тасжолдағы велоспорттан сынға түскен Әнел Тәшбай жекелей уақытқа жарыста топ жарды.
Қазақстандық спортшы жарыс жолын 11 минут 32,57 секундта жүріп өтіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Словакия өкілі Каролина Гайдукова (11:37.62) күміс жүлдеге ие болса, ресейлік Ангелина Новолодская (11:43.65) қола медальді қанағат тұтты.
Осы бағдарламада ерлер арасында өнер көрсеткен Глеб Новиков 10 минут 34,15 секунд нәтижесімен алтыншы орынға тұрақтады. Бұл сында словакиялық Тимотей Михалик (10:10.20) жеңімпаз атанса, италиялық Лоренцо Чеккарелло (10:17.94) екінші, бельгиялық Даан Вилмсен (10:20.39) үшінші орын алды.
Сонымен қатар, бүгін бокстан Қазақстан құрамасының өкілі Бибарыс Әшірбай жартылай финалға жолдама алды. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз ширек финалда Бангладеш боксшысы Нойон Трипура Джаниді 5:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, 31 қазанда басталған байрақты бәсеке 13 қарашаға дейін жалғасады.