Анастасия Городко фристайл-могулдан халықаралық турнирде топ жарды
Турнир 5-7 қараша күндері Аустралияда өтті.
fis-ski.com
Қазақстандық Анастасия Городко Аустрияның Хинтертукс мұздығында өткен фристайл-могулдан әйелдер арасындағы жарыста жеңімпаз атанды. 6 қараша, жұма күні өткен турнир Еуропадағы маусымның алғашқы FIS Open жарысы болды.
Бәсекеге әлем кубогының тәжірибелі спортшыларымен қатар, халықаралық могул қауымдастығының жас өкілдері де қатысты. Қолайлы ауа райы турнирдің алғашқы екі күнін сәтті өткізуге мүмкіндік берді.
Бейсенбі күні жарыс бағдарламасы осы маусымдағы Moguls Junior Regional Tour сериясының алғашқы кезеңімен басталды. Оның аясында Junior Regional Cup, сондай-ақ U15 және U13 жас санаттары бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Турнир 2016 жылы туған жас спортшыларды қоса алғанда, жас шаңғышыларға түрлі ұлттық құрамалар мен клубтардың өкілдерімен бірге сынға түсіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.
Жұма күні өткен FIS Open жарысында Анастасия Городко әйелдер арасындағы бәсекеде жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы финалда 74,04 ұпай жинап, жапониялық Мио Таниден (71,41) басым түсті. Тағы бір Жапония өкілі Марин Ито 70,66 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Анастасия Городко үшін Хинтертукс мұздығындағы бұл кезекті сәтті жарыс болды. Өткен жылы ол могул сайысында екінші орын алып, кейін параллель могулдан өткен бәсекеде жеңімпаз атанған еді.
Хинтертукстегі турнир спортшылар үшін жаңа маусымдағы маңызды алғашқы жарыстарының бірі болды. Фристайл-могулдан келесі FIS Open кезеңі 21-22 қарашада Швецияның Идре-Фьелль қаласында өтеді.
Қараша айының соңына дейін FIS аясында тағы екі жарыс жоспарланған. 27 қарашада Финляндияның Леви қаласында могул бәсекесі өтсе, 29-30 қарашада спортшылар Идре-Фьелльде сынға түседі.