Қазақстандық ММА шебері допинг қолданғаны үшін үш жылға спорттан шеттетілді
Зейнеп Оразханның допинг-сынамасынан тыйым салынған зат анықталды.
ашық дереккөзден
Қазақстандық спортшы Зейнеп Оразхан допингке қарсы ережені екі рет бұзғаны үшін үш жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) хабарлады.
Спортшының 2024 жылғы 14 желтоқсанда Индонезияның Тангеранг қаласында өткен GAMMA әлем чемпионаты кезінде алынған сынамасынан мельдоний анықталған. Сонымен қатар ол 12 сағат ішінде 100 миллилитрден асатын инфузия қабылдағанын мойындады. Бұл әдіс те тыйым салынған.
Заң бұзушылықты ерте мойындауына байланысты дисквалификация мерзімі бір жылға қысқартылды. Нәтижесінде Зейнеп Оразхан 2026 жылғы 20 қазаннан 2029 жылғы 19 қазанға дейін спорттан шеттетіледі.
Бұдан бөлек, оның 2024 жылғы әлем чемпионатындағы және 2024 жылғы 14 желтоқсаннан кейінгі барлық жеке нәтижелері жойылып, медальдары мен жүлделері қайтарып алынады.