«Ордабасы» Украина құрамасының жартылай қорғаушысымен келісімшарт жасасты
Трансфер құны - 3 млн еуро.
ашық дереккөзден
Шымкенттік «Ордабасы» Украина ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Олексий Гуцулякпен екі жылдық келісімшартқа қол қойды.
28 жастағы футболшы кәсіби мансабында Украинаның «Карпаты», «Десна», «Днепр-1» және «Полесье» командаларында өнер көрсеткен. Сондай-ақ 2016 жылы Испанияның «Вильярреал» клубының намысын қорғаған.
Жаңа командасымен келісімшартқа отырған футболшы Шымкентте өзін жақсы қарсы алғанын айтып, клубтың алдағы мақсаттарына қатысты пікір білдірді.
«Осында келгеніме өте қуаныштымын. Мені жылы қарсы алды. Мұнда бәрі бір отбасы сияқты. Шымкенттің болашағы зор деп ойлаймын. Мұнда футбол да дамып келеді», - деді ол.
Айта кетейік, Гуцуляк Украина Премьер-лигасында 226 матч өткізіп, 52 гол соғып, 32 нәтижелі пас берген. Ал ұлттық құрама сапында 2024 жылдан бері 16 кездесуге қатысып, алты голдың авторы атанды.