Джон ван ’т Шкип: Молдоваға қарсы матчта екі командаға да жеңіс қажет
Кишиневте Қазақстан - Молдова матчы қарсаңында баспасөз жиыны өтті.
ашық дереккөзден
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип пен жартылай қорғаушы Жасұлан Әмір Молдовамен өтетін УЕФА Ұлттар лигасының қорытынды кездесуіне дайындық барысы туралы пікір білдірді.
Бас бапкердің айтуынша, команда ойыншылары Түркістандағы оқу-жаттығу жиынына кезең-кезеңімен қосылған. Алдымен Қазақстан чемпионатындағы ойындарын аяқтаған футболшылар жаттығуға кіріссе, кейін «Ордабасы» мен «Қайрат» клубтарының өкілдері, соңында шетелде өнер көрсететін ойыншылар келіп қосылған.
«Астанадан Түркістанға ауысқанымыз да жақсы болды деп ойлаймын. Мұндағы жағдай басқа, әрі біз табиғи алаңда жаттықтық. Өйткені алдағы ойынды да табиғи алаңда өткіземіз. Бұл матчтың өте маңызды әрі қиын болатынын түсінеміз. Себебі екі командаға да жеңіс керек», - деді Джон ван ’т Шкип.
Ал жартылай қорғаушы Жасұлан Әмір оқу-жаттығу жиынының жақсы өткенін және команданың алдағы кездесуге толық дайын екенін атап өтті.
«Командадағы атмосфера өте жақсы. Алдыңғы ойындардағы нәтижелерден кейін жағдай сәл қиындау болады деп ойлаған едік. Бірақ қазір бар назарымыз ертеңгі матчқа ауып отыр. Алаңға барымызды салып, жеңіс үшін ойнаймыз», - деді футболшы.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 13 қарашада Кишинев қаласындағы «Зимбру» стадионында Молдова командасымен кездеседі. Матч Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.