«Барыс» елордада «Адмиралды» жеңді
Қазақстандық команда 27 ұпаймен турнирлік кестеде 5-орында келеді.
ашық дереккөзден
«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында өз айдынында «Адмирал» командасын 4:2 есебімен жеңді.
Кездесудің 9-минутында Мэйсон Морелли есеп ашты. Оған Семён Симонов пен Чейз Приски нәтижелі пас берді. Алайда бірінші кезеңнің соңына қарай айдын иелері қорғаныста екі өрескел қателік жіберіп, қарсыластарға есепті өзгертуге мүмкіндік берді. 34 секундта-ақ Даниэль Усманов пен Михаил Грасс шайба соғып, «Адмиралды» алға шығарды.
Екінші кезеңде есеп өзгерген жоқ. Ал үшінші кезеңнің басында Аркадий Шестаков таразы басын теңестірді. Қазақстандық шабуылшы «Барысқа» қайта оралғаннан кейінгі алғашқы шайбасын соқты.
Ойынның шешуші сәтінде Всеволод Логвин көзге түсті. Ол алдымен 54-минутта астаналықтарды алға шығарса, матч аяқталуына 52 секунд қалғанда бос қақпаны дәл көздеп, дубль авторы атанды. Осылайша, «Барыс» 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 15 қарашада Астанада «Металлургке» қарсы өткізеді.