Қазақстандық 19 дзюдошы Загребтегі Гран-при турнирінде бақ сынайды

Жарысқа алты құрлықтың 66 елінен 462 спортшы қатысады.

Қазақстандық 19 дзюдошы Загребтегі Гран-при турнирінде бақ сынайды ашық дереккөзден

13-15 қараша күндері Хорватияның Загреб қаласында дзюдодан Grand Prix халықаралық турнирі өтеді. Қазақстан құрамасы жарысқа 19 спортшымен қатысады.

Турнир қарсаңында отандық дзюдошылар Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Дайындық жұмыстары 10 қарашаға дейін жалғасты.

Жарыстың алғашқы күні, 13 қарашада, Қазақстан атынан Аман Бақытжан, Нұрәділ Әлжан, Нұрқанат Серікбаев, Абиба Абужақынова, Ғалия Тынбаева, Аружан Ережепова, Меруерт Сәрсенова және Дана Әбдірова татамиге шығады.

14 қарашада Бақытжан Абдурахманов, Данияр Шамшаев, Эсмигуль Куюлова және Ажар Асхат белдеседі.

Ал 15 қарашада Ермахан Ануарбеков, Нұржан Бисенов, Ерасыл Қажыбаев, Жантiлек Нұртілепұлы, Екатерина Токарева, Аида Тойшыбекова және Камила Берліқаш сынға түседі.

Жарыстың үш күнінде де алдын ала белдесулер Астана уақытымен сағат 13:45-те басталады. Финалдық кезең 21:00-ге жоспарланған.

Айта кетейік, Загребтегі Grand Prix турнирінде спортшылар IJF әлемдік рейтингінің ұпайларын сарапқа салады. Жарыс жеңімпазы 700 ұпай иеленсе, күміс жүлдегерге 490, қола жүлдегерге 350 ұпай беріледі. Ал бесінші орын алған спортшы 252, жетінші сатыға тұрақтаған дзюдошы 182 ұпай еншілейді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу