Бибісара Асаубаева Будапештте сенсация жасады

Әлемнің үздік 24 шахмат шебері Венгрядағы турнирде сынға түсуде.

Бибісара Асаубаева Будапештте сенсация жасады ашық дереккөзден

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде топтық кезеңнің екінші турында Үндістан өкілі Арджун Эригайсимен кездесті. Қара фигуралармен ойнаған Бибісара жылдам классика форматындағы шағын матчтың алғашқы партиясында қарсыласынан басым түсті.

Кездесу кезінде Эригайсидің FIDE рейтингіндегі көрсеткіші 2746 ұпайды құрап, ол әлемдік рейтингте 12-орында тұрған еді. Бұл Асаубаеваның классикалық шахматтағы мансабында рейтингі 2700 ұпайдан асатын қарсыласты жеңген алғашқы нәтижесі. Бұған дейінгі үздік көрсеткіші - рейтингі 2691 ұпай болған Санан Сюгировты жеңген. 

Айта кетейік, 10-20 қараша аралығында өтіп жатқан турнирге әлемнің үздік шахматшылары, соның ішінде Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Прагнанандха және Рихард Раппорт қатысуда. Қазақстан намысын Бибісара Асаубаева қорғаса, Үндістан атынан Вайшали Рамешбабу өнер көрсетіп жатыр.

Жарыс блиц, рапид және жылдам классика форматтарын қамтиды. Топтық кезеңде 24 шахматшы төрт топқа бөлініп, екі айналымда бақ сынауда. Жартылай финалдық кездесулер 17-18 қарашада, ал финал мен үшінші орын үшін матчтар 19-20 қарашада өтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу