Нұрқанат Серікбаев Загреб Гран-приінің чемпионы атанды
Қазақстан құрамасының қоржынына үшінші жүлде түсті.
ашық дереккөзден
Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінің алтын жүлдегері атанды.
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда бразилиялық Роналд Лимамен белдесіп, қарсыласын иппон әдісімен мерзімінен бұрын жеңді.
Нұрқанат Серікбаев жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ол іріктеу кезеңінде бразилиялық Кристиан Силва мен аргентиналық Минору Тамаширодан басым түссе, ширек финалда португалиялық Мигель Нери Гагомен, жартылай финалда италиялық Валерио Аккоглимен белдесті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Загреб Гран-приінің алғашқы жарыс күнін бір алтын және екі күміс медальмен аяқтады. Бұған дейін Ғалия Тынбаева (-48 кг) мен Аман Бақытжан (-60 кг) күміс жүлдеге ие болған еді.