Мәулет Әлихан батуттағы гимнастикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Турнир Нанкин қаласындағы халықаралық Янцзы конференц-орталығында өтті.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасының өкілі Мәулет Әлихан батуттағы гимнастикадан жас ерекшеліктері бойынша өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Отандасымыз 17-21 жас аралығындағы спортшылар арасында қос шағын батут бағдарламасы бойынша өнер көрсетіп, финалда екінші орынға ие болды.
Бірінші орынды 28,600 ұпай жинаған ресейлік Лев Бусарев иеленді. Мәулет Әлихан күміс жүлдеге қол жеткізсе, америкалық Кейсен Мааг 23,900 ұпаймен қола медаль еншіледі.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 12-15 қараша күндері Қытайдың Нанкин қаласында өтті. Қазақстан құрамасы жарысқа 20 спортшымен қатысты. Олардың 12-сі ұлдар болса, сегізі қыздар арасында өнер көрсетті.
Ұлдар құрамында Назар Бахтин, Ясмир Зайнуллин, Амир Кокушев, Абдулазиз Абдуллаев, Егор Белюсенко, Руслан Сатыга, Ислам Кабдоллов, Адаль Манат, Марк Барков, Никита Ширин, Әлихан Мәулет және Матвей Иванов өнер көрсетті.
Қыздар арасындағы жарыста Қазақстан намысын Ульяна Захарченко, Софья Долгополова, Евгения Чернышова, Александра Степанковская, Мөлдір Тоқтахунова, Варвара Шарапова, Ксения Миронова және Анель Саттарова қорғады.