Қазақстандық жас паделшілер Азия кубогының қола жүлдесін жеңіп алды

Спортшыларымыз қола жүлде үшін өткен кездесуде Сауд Арабиясын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандық жас паделшілер Азия кубогының қола жүлдесін жеңіп алды ашық дереккөзден

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы паделден Азия кубогындағы дебюттік жарысында қола медаль жеңіп алды. Индонезияның Джакарта қаласында 7-14 қараша аралығында өткен турнирге 17 елдің құрамасы қатысты.

Қазақстандық спортшылар жарыс барысында Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Оман және Ливан құрамаларын жеңді. Топтық кезеңде Иранға, жартылай финалда Кувейтке жол берген отандастарымыз үшінші орын үшін кездесуде Сауд Арабиясын 2:1 есебімен ұтты.

Қазақстан намысын U14 санатында Әлібек Дүйсенғазин мен Ибраһим Рахматуллин, U16 санатында Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин, U18 санатында Дамир Дүйсенғазин мен Таир Қайретдинов қорғады.

Азия кубогының чемпионы Иран құрамасы атанса, күміс жүлде Кувейт спортшыларына бұйырды.

Қазақстан Падел федерациясының президенті Арслан Абулғазин бұл нәтижені спортшылар мен бапкерлердің табанды еңбегінің жемісі деп бағалап, жасөспірімдер құрамасының болашағына сенім білдірді.

Азия кубогындағы нәтиже жасөспірімдер құрамасының дайындығы өз жемісін беріп жатқанын көрсетті. Алайда бұл - тек бастамасы. Өзге елдер де дамып келеді. Сондықтан біз дайындық жүйесін жетілдіріп, спортшыларға жарыс тәжірибесін көбірек беруіміз керек.

Әсіресе болашақта ересектер құрамасының сапын күшейте алатын жас спортшылардың өсіп келе жатқаны қуантады. Бұл ұлттық құраманың келешегіне сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер командасының да әлеуеті зор. Біз таңдаған бағыттың нәтижелі екенін көріп отырмыз және алдағы уақытта да спортшылардың дамып, жаңа жетістіктерге жетуі үшін бар күшімізді саламыз», - деді федерация президенті Арслан Абулғазин.

Осылайша, Қазақстанның жас паделшілері құрлықтық додадағы алғашқы сыннан сүрінбей өтіп, жүлдемен елге оралды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу