Астанада таеквондодан әлемдік Гран-при финалы өтеді

Жарысқа Олимпиада чемпиондары, әлем және Азия чемпиондарын қоса алғанда, барлығы 128 таеквондошы қатысады.

Астанада таеквондодан әлемдік Гран-при финалы өтеді ашық дереккөзден

2026 жылғы 28-29 қарашада Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондодан (WT) әлемдік Гран-при сериясының финалы өтеді.

Қазақстан халықаралық жарысты алғаш рет қабылдайды. World Taekwondo күнтізбесіндегі G-10 санатындағы турнирге әлемнің көшбасшы спортшылары қатысып, жүлделі орындар мен рейтингтік ұпайларды сарапқа салады.

Жарыс бағдарламасына таеквондодан бөлек, пара таеквондо бәсекелері де енгізілген.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында төрт спортшы ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, Тамирлан Тілеулес (58 келіге дейін), Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейін), Рита Бакишева (49 келіге дейін), ал Мария Севостьянова (57 келіге дейін) салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Астанада өтетін Гран-при финалы еліміздегі таеквондоны дамытуға және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтуға бағытталған маңызды жарыстардың бірі болмақ. Сонымен қатар бұл дода 2027 жылы Қазақстанда өтетін таеквондодан әлем чемпионатына дайындық аясындағы маңызды халықаралық іс-шара саналады.

Спортшылар медальдармен қатар, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі үшін рейтингтік ұпайларды сарапқа салады. Жеңімпазға 100 ұпай, күміс жүлдегерге 60 ұпай, ал қола жүлдегерлерге 36 ұпайдан беріледі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу