Қазақстан құрамасы Словакиямен тең түсіп, Ұлттар лигасындағы маусымды аяқтады

Құрамамыз қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды.

Қазақстан құрамасы Словакиямен тең түсіп, Ұлттар лигасындағы маусымды аяқтады ашық дереккөзден

Қазақстан мен Словакия құрамалары УЕФА Ұлттар лигасының алтыншы турында тартысты ойын өрнегін көрсетіп, 2:2 есебімен тең тарқасты. Астанада өткен кездесуде ұлттық құрама жеңіске жақын болғанымен, соңғы сәтте уысынан шығарып алды.

Матчтың 29-минутында Ислам Чесноков Галымжан Кенжебектің әдемі пасын ұтымды пайдаланып, қарсылас қақпасын дәл көздеді. Ол допты қақпаның жоғарғы бұрышына бағыттап, Қазақстан құрамасын алға шығарды.

Алайда екінші таймда словакиялықтар есепті теңестірді. 56-минутта Роберт Боженик қапталдан көтерілген допқа басымен дәл соққы жасап, таразы басын теңестірді. Бұдан кейін алаң иелері қайтадан қарқын алып, 65-минутта Ян Вороговский Галымжан Кенжебектің кезекті нәтижелі пасынан кейін айып алаңының ішінен соққы жасап, Қазақстанды қайта алға шығарды. 

Кездесу соңына қарай Словакия құрамасы есепті теңестіруге бар күшін салды. Қосымша уақыттың 90+5-минутында Адриан Капралик көзге түсіп, матчтың нүктесін қойды - 2:2.

Осылайша, Словакия құрамасы топта бірінші орын иеленіп, Ұлттар лигасының келесі маусымында В лигасында өнер көрсету құқығына ие болды. Ал Қазақстан құрамасы келесі маусымды үшінші дивизион - С лигасында бастайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу