Ұлттар лигасында ширек финалға берілетін соңғы жолдамаға кім таласады?
Ширек финалдық матчтар 2027 жылы 25-27 наурызда өтсе, қарымта ойындар 28-30 наурызға жоспарланған.
ашық дереккөзден
Германия, Нидерланды, Англия, Бельгия, Испания, Португалия және Франция құрамалары 2026/27 жылғы УЕФА Ұлттар лигасының ширек финалына жолдама алды. Соңғы сегізінші орынға Дания мен Норвегия таласады.
Жарыс ережесіне сәйкес, А лигасындағы әр топтың жеңімпазы мен екінші орын алған командасы ширек финалға шығады. Бұл кезеңнің матчтары 2027 жылдың наурыз айында өтеді.
А1 тобы: Франция (13 ұпай), Бельгия (12), Италия (10), Түркия (0). Франция мен Бельгия ширек финалға шықты. Италия А лигасында қалса, Түркия В лигасына тікелей түседі.
А2 тобы: Германия (11), Нидерланды (11), Грекия (11), Сербия (0). Германия мен Нидерланды келесі кезеңге өтті. Грекия А лигасындағы орнын сақтаса, Сербия өтпелі матчтарға қатысады.
А3 тобы: Англия (15), Испания (15), Хорватия (6), Чехия (0). Англия мен Испания ширек финалға жолдама алды. Хорватия өтпелі матчтарға қатысады, ал Чехия В лигасына түседі.
А4 тобы: Португалия (12), Дания (9), Норвегия (6), Уэльс (3).
Дания Норвегиядан жеңілмесе, келесі кезеңге өтеді. Ал Норвегия үздік сегіздікке қосылу үшін міндетті түрде жеңіске жетуі керек. Уэльс төртінші орын алып, А лигасында қалу үшін өтпелі матчтарға қатысады.
А лигасындағы орындар қалай сарапқа салынады? Үшінші орын алған командалардың үздік екеуі А лигасындағы орнын сақтайды. Қалған екі құрама мен төртінші орын алған үздік екі команда В лигасының екінші орын иегерлерімен өтпелі матчтар өткізеді. Ал нәтижесі төмен екі құрама тікелей В лигасына түседі. Осылайша, ширек финалға берілетін соңғы жолдама үшін Дания мен Норвегия таласады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы жорығын аяқтады. Құрамамыз С 3 тобында күні кеше соңғы матчын Астана-Аренада Словакияға қарсы өткізіп, 2:2 есебімен тең түсті. Словакия топта жеңіске жеткендіктен, В тобына көтерілді. Ал құрамамыз келесі маусымды үшінші дивизион - С лигасында бастайды.