Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақта өзін жаңа қырынан танытпақ
Орта салмақта жеңілістің ащы дәмін татпаған Жәнібек Әлімханұлы енді жаңа дивизионда да өзінің мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндік алады.
ашық дереккөзден
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы мансабында жаңа белеске қадам басып, екінші орта салмақта өнер көрсетуге шешім қабылдады. Отандасымыз салмақ дәрежесін ауыстыруының себебін түсіндіріп, алдағы жекпе-жектерде жанкүйерлер мүлде басқа Жәнібекті көретінін мәлімдеді.
Боксшының айтуынша, әуесқой бокстағы бүкіл мансабын 75 келіге дейінгі салмақта өткізген. Сондықтан бұл салмақ оның табиғи мүмкіндіктеріне жақын. Енді кәсіпқой рингте де ауырлау дивизионға ауысу арқылы әлеуетін толық ашуға ниетті.
«Әуесқой бокста ұзақ жыл бойы 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтастым. Бұл менің табиғи салмағым. 168 фунтта жанкүйерлер мүлде басқа Жәнібекті көреді», - деп жазды Әлімханұлы.
Қазақстандық боксшының жаңа салмақтағы дебюті 2027 жылдың 23 қаңтарына жоспарланған. Жекпе-жек Данияның Хорсенс қаласында өтеді. Оның қарсыласы – 25 жастағы жергілікті боксшы Якоб Бэнк (20-0, 11 KO).
Бұл кездесуде WBO тұжырымы бойынша бос қалған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.