Қазақстандық шахматшылар Азия кубогында қола медаль жеңіп алды
Азия ұлттары кубогы 10-17 қараша аралығында өтті.
KazChess
Қазақстан әйелдер құрамасы Абу-Дабиде (БАӘ) өткен Asian Nations Chess Cup 2026 турнирінде қола медаль жеңіп алды.
Шешуші кезеңде қазақстандық шахматшылар Үндістан құрамасын 2,5:1,5 есебімен жеңіп, үздік үштікке енді. Бұған дейін отандастарымыз Шри-Ланка, Өзбекстан, Жаңа Зеландия және Моңғолия құрамаларынан басым түсті. Ал Ресей мен Қытайға есе жіберді.
Әйелдер арасындағы жарыста Ресей құрамасы алтын, Қытай күміс жүлдеге ие болды.
Ал ерлер құрамасы турнирді төртінші орынмен аяқтады. Қазақстандықтар соңғы турда Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен жеңді. Команда жалпы есепте тоғыз кездесудің алтауында жеңіске жетіп, біреуінде тең түсіп, екеуінде жеңілді. Нәтижесінде 13 командалық ұпай жинады.
Ерлер арасындағы жарыста Ресей құрамасы топ жарса, Үндістан күміс, Қытай қола медаль иеленді.
Айта кетейік, Азия кубогында әйелдер арасында 12, ерлер арасында 20 құрама бақ сынады.