Қазақстан U-17 құрамасы Еуропа чемпионатының элиталық кезеңіне шықты
Жастарымыз 14-топта бірінші орынға ие болды.
ашық дереккөзден
Футболдан Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2026/27 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін сәтті аяқтап, элиталық кезеңге жолдама алды.
Командамыз Кутаиси қаласында өткен іріктеу турнирінің соңғы кездесуінде Грузия құрамасымен 1:1 есебімен тең түсті. Матчтың 42-минутында алаң иелері есеп ашты. Алайда ойын аяқталуға үш минут қалғанда Әли Садырбаев гол соғып, Қазақстан құрамасына маңызды ұпай сыйлады.
Бұған дейін қазақстандық жасөспірімдер Аустрия құрамасын 7:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.
Екі матчтың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы төрт ұпай жинап, 14-топта бірінші орынға ие болды. Грузия екі ұпаймен екінші, Аустрия бір ұпаймен үшінші орын алды. Осы нәтижемен Қазақстан U-17 құрамасы Еуропа чемпионатының элиталық кезеңіне яғни, А лигасына өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан U-19 құрамасы 2027 жылғы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаты іріктеуінің екінші кезеңіндегі соңғы кездесуінде Косово құрамасын 1:0 тізе бүктірді. Нәтижесінде Қазақстан U-19 құрамасы А лигасындағы орнын сақтап, іріктеу кезеңінің үшінші раундына жолдама алды.